четверг, 26 декабря 2013 г.

ТӘУКЕ ХАН туралы буклет

ТӘУКЕ  ХАН
(1626-1718)

Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Кунделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.
Тәуке хан тұсында Қазақ хандығы саяси жағынан нығайған және бір орталыққа бағынған үлкен мемлекет болды. Оны Тәуке ханның үш жүзге және Қырғыз бен Қарақалпаққа билігі жүргенінен де көреміз. Оны Тәке хан тұсында Сыр бойында Қазақтың 32 қаласы болғанынан да көріге болады. Қысқы Ордасын Тәуке Хан Түркістан қаласына орналастырды. Жазғы Ордасы қазіргі Астана қаласына таяу жерде, қазіргі Астанадан 10 шақырым жерде болған. Халық зердесінде қалған аңыздар бойынша да Тәуке хан билік жүргізген заман ең бір өркендеген алтын ғасыр ретінде қалды. Тәуке ханның билік құру кезеңі 1780-1718 жылдар. Яғни, қазақ даласында отыз жылға жуық хандық  билік құрған.
Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып - өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса - береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез - халық есінде « қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.
Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады.

Сонымен қатар ол сыртқы жағдайды да тұрақты ұстай білді. 1678 жылы ол Бұхар хандығынан елшілерді қабылдаса, 1686-1693 жылдар аралығында Тәуке Ресейге бес рет елшілік аттандырып, көршілік, достық қарым қатынасты сақтау туралы бітімдер жасасқан. Соның ішінде оның 1994 жылғы Қазан айында жаздырған хаты бізге дейін сақталған. Бұл кезде Қазақ хандығының көршілерімен терезесі тең мемлеет болғанын көре аламыз.
Тәуке ханның заманында оның саясатына сәкес тыныштық пен бейбітшілік орнады, дегенмен жаугершілік заманда, ел басына күн туған сәттерде ол өзінің қолбасшылық дарыны мен батырлығын да таныта білді.
1689 және 1702 жылдардағы ойрат-жоңғарларға жасалған жорықтар, сондан кейін 1711, 1712, 1714 жылдардағы жоңғарлардың қазақ даласына үш рет баса көктей басып кірулерін тоқтату арқылы ол кісі көшпенділер даласында Батырхан атағына ие болған.
Соның ішінде Тәуке хан халық жадында күні бүгінге дейін асқан кеңмеңгер, дана ақыл иесі ретінде де сипатталады. Соған орай ол кісінің есіміне Әз (данышпан)  сөзін жалғап, Әз-Тәуке деп атайды. Халықтан «Әз» атағын иемденген Қазақта тек екі хан болған - Әз-Жәнібек және Әз-Тәуке хандар. Соның ішіенде Әз-Жәнібек Алтын Орданың ханы болса, Әз-Тәуке Қазақ Ордасының ханы. 
Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына келген кезде де толастаған емес. Ұсақ қақтығыстарды есептемегеннің өзінде 1711-1712, 1714, 1717 жылдары қазақ пен қалмақ арасында ірі соғыстардың болғаны белгілі. Бұл арада мәселе елдің өз ішінде тыныштық орнауында, халық арасында ырыс қазығы - ынтымақтың берік қағылып, ағайынаралық алауыздықтың жойылуында, осыған ұйытқы болған ел басшысының төңірегіне халықтың ақыл-ойының жоғары көтеруінде. Сондықтан тарихшылар Тәукені «Қазақ ордасының Ликургі» деп бағалайды. «Ликург» деген бір кезде ежелгі Грекияда көне Спартаның ақылгөй Заңгері болған, сондықтан ақылды, көреген қайраткерлердің бәрін Еуропалық ғалымдардың «Ликург» деп атауы қалыптасып кеткен. Тәуке ханды бұлай сипаттаған кейінгі зерттеуші Еуропалық ғалымдар.
Тәуке ханның тұсында тұрақты мемлекеттік органдар: хан кеңесі, билер кеңесі жұмыс істеп, жыл сайын үш жүздің шонжарларының съезін өткізу қалыптасты. Тарихқа «Жеті жарғы» деген атпен енген Тәуке ханның заңдарын зерттеушілер қазақтардың бұған дейінгі қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларының бір жүйеге келтіріліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды.
ЖЕТІ ЖАРҒЫ
Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді.
Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
 «Жеті жарғы» заңдар жинағы мемлекеттің ішкі жағдайын күшейтуге бағытталды. Осы заң негізінде қазақтың тайпа, ру басыларын жылына бір рет жиналуға міндеттеді. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді.
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді.
«Жеті жарғыда» қылмысты іс-құқық нормаларына үлкен орын бөлінген. Қылмыс ретіне: кісі өлтіру, мертіктіру, әйелді зорлау, соққыға жығу, қорлау, ұрлық істеу және тағы басқалары жатқан. Кінәлілер жасаған қылмыс деңгейіне сай әртүрлі жазаға кесілген. Бұл жинақта «қанға қан» заңы сақталды. Бірақ билер сотының екі жақ келісуі бойынша жазаны құн төлеумен алмастыруға мүмкіншілігі болған. Құн төлеу төрт жағдайда рәсімденген. Олар: егер әйелі күйеуін өлтірсе және күйеуінің туыстары оны кешірмеген жағдайда, егер әйел некесіз туған баласын өлтірген жағдайда, жұбайлар арасындағы «көзге шөп салушылық» дәлелденген жағдайда және «құдайға тіл тигізгені анықталған жағдайда». Өлім жазасының екі түрі болған: дарға асу және тас лақтыру әрекеттерін қолдану.

БИЛЕР КЕҢЕСІ
Билер кеңесі мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты мәселелерді шешуде үлкен қызмет атқарды. Билер шешіміне хан қарсылық көрсетпеді, яғни мемлекеттік биліктің басым бөлігі халықтың қолында болды. Тәуке ханның тұсында «Билер кеңесінің» құрамына атақты Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Досай, Едіге, Сырымбет, Қабек, Даба, Есейхан, Жалған, Ескелді, Сасық би, Байдалы, Тайкелтір, Қоқым сияқты дарынды қайраткерлер енді. Билер кеңесінің билік ауқымы зор болған. Бұл органның шешімі негізінде ғана Тәуке хан мемлекеттік мәселелерді шешуге құқықты болған және билер кеңесі қабылдаған заңдар мен шешімдерді жүзеге асырып отырған. Сонымен қатар «Билер кеңесі» хандық билікті шектеу құқығына ие болған. Билер кеңесі соттық билікті де атқарған. Халықтың дәстүрлі менталитетінде билердің қоғамдағы мәртебесін анықтайтын қағидалар көп сақталған. Мысалға, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік» т.б. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тәуелсіз би атынан шығарылды. Атақты Әйтеке би ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырды: «Менің өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі». Туа біткен даналық мен шешендікті иеленген билердің өмірлік тәжірибесі де мол болды. 1820 жылы орыс және европалық құқық нормаларымен жетік таныс Д. Самоквасов қазақтардың құқық жүйесін зерттей келе, қазақ билері халқының салт-дәстүрі мен өткен тарихын да жақсы білетіндігі туралы жазған. «Биі жақсының елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын да көрсетеді. Билер шешен болған. Атап айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай әйгілі шешен» деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тәуке хан ел билеуде атақты қазақ билеріне арқа сүйеп, олардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді.
Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Әңгірен, Түркістан мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мәртөбеде шақырылған. Жыл сайын Ташкент қаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды.
Тәуке хан қазақтың жыраулары мен шешендерінің және шежірешілерінің басын қосып, қазақтың мақал-мәтел, шежірне, аңыз-жырларын жинаған. Сонымен қатар қазақ халқы арасында бұрыннан қолданылып келген ру-тайпалардың ұрандары мен таңбаларын қайта анықтап белгілеген. Бұл тарихта Орта Азияда өмір сүрген көшпелі хандықтарда болып келген салт еді. Жаңадан таққа отырған хан өзіне қарасты тайпалардың таңбасын белгілеп беріп отырған. Бұл көшпелі тайпалар арасында хандық өкімет билігін күшейтудің дәстүрлі шараларының бірі еді.

Комментариев нет:

Отправить комментарий