суббота, 21 декабря 2013 г.

Әлем жаңалықтары

АДАМ ОЙЫН ОҚИТЫН ҚҰРАЛ
Ambient американдық корпорациясы ерекше техникалық құрал ойлап шығарды. Audeo деп аталатын құрал адамның ойын оқи алады. Яғни, бұны электронды телепат құралы десе де болады. Audeo мойынға тағатын кәдуiлгi алқа тәрiздес. Ол дауыс жолдарына түсетiн жүйке импульстерiн оқып, оны жария ете алады. Ол үшiн бұл құралды тағатын адам ойланып, iштей сөйлесе жеткiлiктi. Ол сол мезетте-ақ адамның не туралы ойлағанын айтып бере алмақ. Құрал қазiр 150 сөз бен сөз тiркесiн оқи алатын көрiнедi. Бiрақ мұны ойлап тапқан ғалымдар құралды жетiлдiре түсемiз дейдi.
 
АШУ-ЫЗАНЫҢ ДА ӘРТҮРЛI ӘСЕРI БАР
Қызметкерлердiң жұмыс өнiмдiлiгi ең алдымен басшының көңiл күйiне байланысты дейдi амстердамдық ғалымдар. Мәселен, басшының ашу-ызасын әр қызметкер әртүрлi қабылдайды. Бiрi бас­тықтан ұрыс естiген соң жұмысты анағұрлым жақсырақ iстесе, ендi бiрi керiсiн­ше, шығармашылық құлдырауға ұшырайды екен. Амстер­дам университетiнiң ғалымдары бұл әр адамның эпистемологиялық мотива­ция­сына байланысты деп есептейдi. Эпистемологиялық мотивациясы жоғары адамдардың ұрыс естiген соң жұмысқа құлшынысы артады, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асырады. Ал эпистемологиялық мотивациясы төмен адамдар сөгiс алған соң жұмысқа құлықсыз болып қалатын көрiнедi. Сондықтан ашу-ыза тек кейбiр адамдар­ға ғана оң әсер етедi.
 
ЕНДIГI ЭНЕРГИЯ КӨЗI ТОРИЙ БОЛМАҚ
Ядролық зерттеулер жөнiндегi Еуропалық ұйымда қызмет ететiн Нобель сыйлығының лауреаты Карло Руббиа адамзат таяуда көмiр, мұнай, табиғи газ тәрiздi ресурстар­ға тәуелдiлiктен арылады деп есептейдi. Өйткенi ғалымдар энергияның жаңа көзiн тапты. Ол – торий.
Ал табиғи ресурстарға деген тәуелдiлiктен арылу – ғаламдық жылынудың алдын алудың бiрден-бiр жолы. Торий металы тоннасының энергиясы 200 тонна уран немесе 3 500 000 тонна көмiрдiң энергиясына пара-пар. Торийдiң бiр ғана уысы Лондон сияқты үлкен қаланы бiр аптаға энергиямен қамтамасыз ете алады. Әрi оның экологияға да терiс әсерi жоқ. Торий өзi шығаратын зиянды қалдықтарды жұтып алады. Оның үстiне ол Жер бетiне кең тараған металл. Австралия мен АҚШ қойнауы торийге толы. Торийдiң қоры жүздеген ғасырға жетедi. Сондықтан оны мыңдаған жыл бойы энергия көзi ретiнде пайдалануға болады. Ендi бұл жобаны қаржыландыру-қаржыландырмауды АҚШ президентi Барак Обаманың өзi шешпек. 
 
ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН РАКЕТАМЕН ҒАРЫШҚА ҰШПАҚ
Екi даниялық әуесқой конструктор Кристиан фон Бенгстон мен Питер Мэдсон ракета құрастырып шығарды. Ендi бұлар осы ракетамен ғарышқа ұшпақ. Бiрақ ракетаның биiктiгi небәрi 9 метр, ал диаметрi – 65 см. Сондықтан бұл ракетаға бiр-ақ адам сыяды. Оның өзi ғарыш­қа түрегеп тұрып қана ұша алатын көрiнедi.
Даниялықтар «Тихо Браге – 1» деп ат қойған ракета бiр ғана двигательмен жұмыс iстейдi. 120 шақырым биiктiкке көтерiлу үшiн двигатель бiр минут жұмыс iстесе жеткiлiктi. Айта кететiнi, даниялықтар ракетаны 2004 жылдан бастап құрастырыпты. Жақында олар бұл ракетаны сынап көрмек. Бiрақ ракетаға бiрiншi болып адам емес, маникен отырмақ. «Егер ғарышқа ұшу сәттi аяқталса, бұдан былай ғарышқа туристердi тасимыз», – дейдi конструкторлар.
 
АЛКОГОЛЬДI СҰЛУ ӘЙЕЛ АЛМАСТЫРАДЫ
Алкогольдi iшiмдiктер денсаулыққа зиян екенiн жұрттың бәрi бiледi. Алайда жақында немiс ғалымдары тәжiрибе жасап, iшiмдiктiң миға тигiзетiн зиян­ды әсерiн анықтапты. Тәжiрибе қорытындысына сенсек, алкоголь миға небәрi 6 минуттың iшiнде әсер етiп, ми жасушаларын қорғайтын затты төмендетедi. Сондай-ақ жиi ұрттап қоятын адамдардың иммунитетi айтарлықтай төмен болып келедi екен.
Ал Джорджия штатындагы Гвинет колледжiнiң ғалымдары iшiмдiктi алмастыра алатын зат тауыпты. Ғалымдарға сенсек, сұлу әйелдiң сымбатты денесiне көз жүгiрту мен алкогольдi iшiмдiктiң әсерi бiрдей. Демек, бұдан былай ұрттап қойғыңыз келсе, сұлу әйелдiң суретiне бiр қарап қойсаңыз жеткiлiктi.

Комментариев нет:

Отправить комментарий