суббота, 21 декабря 2013 г.

ШВЕЦИЯ КЕРЕМЕТТЕРІ

ШВЕЦИЯ КЕРЕМЕТТЕРІ

Еуропадағы егде тартқан адам үлесінің ЕҢ көбі осы елде — (24%). Әлемнің дамыған елдері арасында жұмыс жасайтын аналардың ЕҢ көбі де осы елде (76%) және бұл елдегі студенттің орташа жасы Еуропадағы ЕҢ жоғарғы көрсеткіш болып табылады (25,5 жас шамасында). Осы елде 300 000-нан астам адам Карлсон (немесе Карлссон) фамилиясына ие. Бұл елдегі салықтың жалпы соммасы ЖІӨ-нің 54,2%-ын құрайды — әлемдегі ЕҢ жоғарғы көрсеткіш. Мәселен, Дания мен Венгриядағыдай бұл елде де қосымша құн салығының көлемі әлемдегі ең жоғарғы көрсеткішке ие (25%). Соған қарамастан, 2006 жылы бұл мемлекет кедей елдерге ЕҢ көп көмектескен ел, қайырымдылық көмек құны ЖІӨ-нің 1%-на тең болды.
Бұл елдің астанасындағы Глоуб Арена — әлемдегі ЕҢ ірі жартысфералық ғимараттардың бірі. Оның диаметрі — 110 метр, ішкі биіктігі 85 метр және жалпы көлемі 600 000 шаршы метрге тең. Сондай-ақ, ол Күн жүйесінің ЕҢ үлкен макеті саналады. Ел астанасындағы Король сарайы — әлемдегі пайдаланылатын сарайлар ішіндегі ЕҢ үлкені (550 бөлмеден астам) және онда әлемдегі ЕҢ бірінші ұлттық қалалық саяжай орналасқан — Корольдік экологиялық парк. Бұл елдің және бір қаласында теңізшілер мұражайы бар. Ол әлемдегі ЕҢ ірі теңіз мұражайы саналады. Ел астанасындағы бір өткел әлемдегі ЕҢ тар көшелердің бірі — оның ені 90 см.-ден аспайды. Әлемдегі ЕҢ салқын, әрі тұрақсыз қонақ үй — «Мұз Қонақ үй» елдің солтүстігіндегі бір ауылда орналасқан. Ол жыл сайын қайта салынады.
Бұл қай ел екенін таптыңыз ба?         ШВЕЦИЯ
Астанасы: Стокгольм
Ірі қалалары: Стокгольм, Гётеборг, Мальмё
Басқару формасы: мұрагерлік конституциялық монархия
Король: Карл XVI Густав
Премьер-министр: Фредрик Рейнфельдт
Территориясы: 449 964 ш2 (аумағы бойынша әлемде 54-ші орында)
Халық саны: 9 354 426 адам (халқының саны бойынша әлемде 88-ші орында) — тығыздығы: 1 шаршы шақырымға 21,9 адам
ЖІӨ: 358 400 000 000 АҚШ доллары (экономика қуаттылығы жөнінен әлемде 33-ші орында) — жан басына шаққанда — $39 600 АҚШ доллары
Тәуелсіздік күні: Шамамен 900-шы жылдары құрылған
Ресми тілі: Швед тілі.

Ел экономикасының негізгі ресурстары — орман, гидроэнергия және темір рудасы. Сол себепті де бұл ел сыртқы саудаға басымдық береді. Алайда, айта кететіні, экспортталатын тауардың 90 пайызын Ericsson AB, Alfa Laval Group, IKEA секілді жеке компаниялар өнімі құрайды. Оның жартысына жуығы машина жасау саласына тиесілі.
Швеция ауыл шаруашылығына ЖІӨ-нің бар болғаны екі-ақ пайызы тиесілі. Сондықтан, оны сөз етудің өзі орынсыз. Есесіне байланыс пен көлік елдің жалпы инфрақұрылымының маңызды құрамдас бөліктері саналады.
ХХ ғасырда Швецияда «экономикалық ғажайып» деп аталатын құбылыс орын алды. Бірнеше онжылдықтың ішінде ғана Швеция кедей аграрлы елден ең бай, әрі ең жоғары дамыған индустриалды державаға айналды.
Бұл баламасыз даму үдерісінің негізін елдің солтүстік бөлігіндегі орман, кен және гидроэнергетика ресурстары секілді табиғи байлықтар қалады. Соларды дамудың алғышарттары қылған Швед халқы, бу трубинасы, шарикподшипник, АГА газ маяктары, телефон, сүт сепараторы, қауіпсіз сіріңке, реттелмелі қадамның еспелі винті, «тетрапак» қаптамасы және басқа да көптеген революциялық жаңалықтарды ойлап тауып, оларды жасап һәм пайдалану мен сыртқа шығарудың арқасында сұмдық дамыды. Қазіргі таңға дейін Швеция халық шаруашылығының өзегі техникалық өнеркәсіп болып қалып отыр.
Ішкі нарықтың тарлығынан ірі шведтік компаниялар бастапқы кезеңдерінде-ақ жаңа нарықтар ашуға және экспортқа бағытталуы тиіс болды. Қазір мамандар, дәл осы «экономикалық жаһандануды» басқалардан гөрі ертерек бастағандықтан да швед компаниялары халықаралық бәсекелестікте бүгінгі таңда да басымдыққа ие деген ойда. Соның арқасында Швеция бүгінде өз халқының санымен ірі мультиұлттық концерндер мен белгілі тауар маркалары пропорциясы жөнінен аса жоғары көрсеткіштерге ие. Мәселен, солардың бірнешеуін ғана айтып өтелік, олар: «Вольво», «Сааб», «Эриксон», «АстраЗенека», «Электролюкс», «Икеа», «Хеннес мен Мауриц», «Хассельблад».
Шикізат пен өңделген шикізат материалдары швед экспортының айтарлықтай бөлігін құрап отырса да, шведтердің өздері болашақ экономикаларын тек өнеркәсіптің ғылыми салаларымен ғана байланыстырады. Оның қамын свеилер бүгін күйттеп отыр. Алдыңғы қатарлы технологиялық даму, дамыған инфрақұрылым және халықтың жалпы білімінің жоғарғы деңгейі — соның дәлелі. Өнеркәсіптің сондай жоғарғы технологиялық саласының ақпараттық технология мен биомедицина секілді алғашқы қарлығаштарының өзі Швецияны бұл бағыттар бойынша әлемдік көшбасшылар сапына қосты. Бұдан бөлек, швед экономикасының болашақтағы локомативінің үшінші бағыты да айқындалып келеді, ол — «әсерлер өнеркәсібі». Бұл — дизайн, музыка, мода, сурет өнеркәсібі, гастрономия, медиа салалары, реклама, туризм секілді бір-бірімен жанасатын шығармашыл салаларды біріктіріп атайтын, жаңа жиынтық концепт. Аталған салалар бойынша да Швеция басы-аяғы айналдырған оншақты жыл ішінде әлемдік көшбасшылар қатарына қосылды.

Қазіргі швед білім беру жүйесі 7 жастан бастап жаппай білім алуды міндеттейді. Олардың 95%-ы өз білімдерін гимназияларда тереңдете түседі. Ол оқу орындарында не теориялық, не кәсіби-тәжірибелік оқыту бағытын таңдауға болады.
Швециядағы 30-дан астам жоғарғы оқу орнының 10-ы университет. Олардың ішіндегі ең көне көз университет, ол — 1477 негізі қаланған Уппсаль университеті. Сондай-ақ, Швеция жоғарғы оқу орындарында шетелдік студенттер үлесі де жоғары — 7,5%. Қазіргі таңда, бұл елде әлемнің 80 елінен аспиранттар оқып жатыр. Бұл да болса швед білімінің қаншалықты екенін аңғартса керек.

Швед корольдігіндегі өмір сүру ұзақтығының орташа көрсеткіші әлемдегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі саналады: әйелдер үшін 84 жас, ал, еркектер үшін 79 жас. Бұл көрсеткіштерді одан әрі көтеру үрдісі және байқалады. Мұның бәрі әлбетте, экологиялық жайлылық, денсаулықты қолдау (салауатты өмір салтын, темекі тартпауды, спортпен айналысуды насихаттау секілді алдын-алу шаралары), сондай-ақ, шектеулі капитал салымдары мен шығындарды бақылау жағдайында емдеудің жоғарғы нәтижелігі арқасында Еуропадағы үздіктердің бірі саналатын денсаулық сақтау жүйесі жетістіктері.
Швецияның қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің негізі сонау 1882 жылы облыстық өзін-өзі басқару органдары — ландстингтерді құру кезінде қаланған. Аталған орган өкілдерін швед халқы төрт жылда бір рет жалпы сайлауда өзі таңдайды. Содан бертін, швед халқының денсаулығы үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдары — бірден-бір жауапты ұйым. Ал, үкіметтік деңгейде осы сала бойынша жалпыұлттық бағдарламалар қабылданып, заңдар шығарылады.
Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда корольдіктегі денсаулық сақтау саласы 95%-ға мемлекет құзырында. Дегенмен де, тұтастай жүйе жоғары деңгейдегі бейорталықтандырылғандығымен ерекшеленеді. Мемлекет тек реттеуші міндетін атқарады. Басты консультативтік және бақылаушы орган — денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту жөніндегі Мемлекеттік кеңес.
Ландстингтерге денсаулық сақтау саласындағы қызметті атқару мен жоспарлауда үлкен еркіндік берілген. Сондықтан да, елдің әр аймағында медициналық қамтуды ұйымдастыру әртүрлі болуы мүмкін. Ландстингтер бірнеше ауданға, ал, аудандар бірнеше учаскеге бөлінген. Әр учаскеде бір аурухана және бірінші медициналық қызмет көрсету мекемелері болады.
Одан бөлек, денсаулық сақтаудағы белгілі аспектілерге жауап беретін 290 муниципалитет бар. Мәселен, қарттарға үйінде көмек көрсетуге жауапты, арнайы жабдықталған пәтерлерде тұратын науқастарға медициналық қызмет көрсетуге жауапты, психикалық не физиологиялық ауытқушылықтары бар адамдарға медициналық жәрдем беруге жауапты, мектепте медициналық көмекті қамтамасыз етуге жауапты т.с.с.
Швецияның денсаулық сақтау саласына жұмсайтын жалпы шығыны ЖІӨ-нің 8,4%-ын құрайды.
Күні кешеге дейін швед медицинасының негізгі бағыты тек емдеу үдерісі-тін. Алайда, соңғы жылдары дүниежүзілік үрдістер ықпалынан бұл елде де аурудың алдын-алу медицинасы кең таралып келеді. Сондай-ақ, Швеция денсаулық сақтау саласына инновациялық құралдар мен технологияларды енгізіп отыруды дәстүрге айналдырған. Ол осылайша телемедицинаның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі болды. Ал, тап бүгінде дәрігерлер мен науқастар туралы мәліметтер базасының компьютерлік жүйесін жетілдіруде.

Нобель сыйлығы 1895 жылы швед ғалымы, әрі меценаты Альфред Нобельдің қалдырған мұрасы негізінде бес аталым (әдебиет, физика, химия, физиология және медицина) бойынша тағайындалды. Сондай-ақ, бүкіл әлемде бейбітшілік орнатуға атсалысқаны үшін де беріледі. Ал, 1969 жылдан бері Швед банкінің бастамасы бойынша экономика саласында да берілетін болды.
Нобель сыйлығын табыстау Стокгольмдегі қалалық ратуша залында өтеді (тек бейбітшілік сыйлығын ғана Норвегия астанасы Ослода табыстайды).

Комментариев нет:

Отправить комментарий