суббота, 21 декабря 2013 г.

Дүбірлеген дүние

34 САУСАҚТЫ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН
Үндiстандық бүлдiршiн Акшат Саксеннiң отыз төрт саусағы бар. Оның әр қолында жетi саусақтан болса, әр аяғында он саусақ бар. Саусақтардың басым бөлiгi жұмыс iстемейдi. Қазiр баланың жасы бiрде, осы уақыттың iшiнде Акшат­қа бiрнеше операция жасалып, артық саусақтары алынып тасталған.
Дәрiгерлер бала сирек кездесетiн генетикалық ауру – полидактилияға шалдыққан дейдi. Бұл тұқым қуалайтын немесе мутация нәтижесiнде пайда болатын ауру. Әдетте мұндай балалар алты саусақты болып туылады. Әлемдегi 5000 баланың бiрi алтысаусақты болып дүниеге келедi екен.
Бұған дейiн Қытайда қолында он бес, аяғында он алты саусағы бар бала туылған болатын.
 
НАСА МАРСҚА “ҰШҚЫШ ТАБАҚША” ЖIБЕРМЕК
НАСА зерттеушiлерi жақында Марс ғаламшарына ұшқыш табақша пiшiнiндегi зымыран ұшыруы тиiс. Канаверал мүйiсiндегi ғарыш айлағында тұрған “Атлас‑5” зымыраны Марсқа ұшуға дайын. Зымыранның ерекшелiгi сол, оның Марсты зерттейтiн арнайы лабораториясы – Curiosity деп аталатын құлтемiрi бар. Егер американдықтар зымыранды Марстың орбитасына дұрыс бағыттай алса, онда “ұшқыш табақша” Марс ғаламшарына сегiз айдың iшiнде жетуi тиiс. Қызыл ғаламшардың орбитасына жақындаған сәтте “ұшқыш табақшадан” Марсқа қонушы аппарат ажырайды. Ол әуелi парашют арқылы, сосын реактивтi двигательдер арқылы Марс­тың бетiнде бiраз аялдайды. Сөйтiп, Curiosity‑дi трос арқылы Гейл кратерiне жiбередi. Оның мақсаты да сол– Марстың кратерi Гейлдi жан‑жақты суретке түсiру, бай табиғи ландшафтын зерттеу. Ондаған шақырымды жүрiп өтетiн Curiosity Марс бетiнен су мен өзге тiршiлiк көздерiн iздеп көрмек.
 
ЖАС АДАМНЫҢ МИЫНДАЙ
Ұлы ғалым, атақты физик Альберт Эйнштейн көз жұмған соң, дәрiгерлер оның мәйiтiн зерттеп көрген болатын. Осы кезде патолоанатолог, Принстон ауруханасының дәрiгерi, медицина ғылымдарының докторы Эрих Томас Харвей Эйнштейннiң миын ұрлап әкетiптi. Харвей ғалымның миын зерттемек болған. Ғалым миының 240 кесiндiсiн Харвей ұзақ жылдар бойы сақтаған. Алайда бұл күнге мидың барлық бөлiгi емес, небәрi 46 кесiндiсi ғана жеткен. Харвей көз жұмған соң, оның жесiрi ғалымның миын невропатолог дәрiгер Люси Рорк‑Эдамс­қа сыйға тартыпты. Ал ол өз кезегiнде миды мұражайға өткiзген. Филадельфиядағы Томас Мюттер атындағы мұражайға келушiлер микроскоп арқылы Эйнштейн миын көре алады.
Эйнштейн 1955 жылы 76 жасында құрсақ қолқасы ауруынан көз жұмған. Ғалым қартайған шағында қайтыс болғанына қарамас­тан, оның миы жас адамдiкi тәрiздi. Мұны ғалымның миын зерттеп көрген Рорк‑Эдамс байқаған. Ғалым миында қартаюдың еш белгiсiн таппаған зерттеушiлер оны онан әрмен зерттей түскен. Сөйтсе, Эйнштейн миындағы математикалық интуицияларға жауап беретiн бөлiк әлдеқайда үлкен болып шыққан. “Есте сақтау қабiле­тiне қатысатын жасушалар көлемi де анағұрлым көп” дейдi таңғалған зерттеу­шiлер.
 
ҚАРТАЮҒА ҚАРСЫ ДӘРI
Адамзат пияз көкөнiсiнiң пайдасын ежелден жақсы бiлген. Пияз тамаққа дәм берiп қана қоймай, адамның иммунитетiн күшейтедi, суық тиюдiң алдын алады. Француз ғалымдары тамаққа үнемi пияз бен сарымсақты пайдалану сүт безi рагынан қорғайды деген қорытындыға келген. Ал жапондық ғалымдар пияз адам ағзасындағы қартаю процесiн тежейдi деген тұжырым жасады. Пияз құрамындағы пайдалы заттар адам қанына енiп, мидың бөлiктерiне әсер етедi. Осылайша есте сақтау қабiлетiне жауап беретiн мидың бөлiгiн жақсартатын көрiнедi.

Комментариев нет:

Отправить комментарий