суббота, 21 декабря 2013 г.

Бастырылып қалу, түн ортасында қысылу

Түн iшiнде шырт ұйқымнан ояндым. Не түсiм, не өңiм екенi белгiсiз, әйтеуiр бiр ауыр нәрсенiң үстiмнен басып жатқанын сез­дiм. Қозғала алар емес­пiн. Денем қимылдай алмағаны былай тұр­сын, “бiссiмiлләнi” айта алмай жатырмын. Үнiм шықпайды. Үстiмдегi ауыр нәрсе болса, онан бетер тұншықтырып барады. Бiрнеше минуттан соң әлгi нәрсе жiбергендей болды. Төсектен атып тұрып жарықты жақтым. Ештеңе көрiнбейдi. О, тоба, сонда бағанағы нәрсе не болды? Түс дейiн десем, өңiмде болғанын анық бiлемiн. Есiмдi жиған соң, бәлкiм, шаршағандықтан қоз­ғала алмай қалған болармын деп топшыладым. Бiрақ ұзақ уақыт бойы көз iлмедiм. Оқыс оқиға қайта қайталана ма деп қорықтым. Сәлден кейiн ұйқыға кетiппiн.

Келесi күнi жора‑жолдастарыма түндегi оқиғаны айтып бердiм. Бiрi “ол ештеңе де емес, бастырылып қалу ғана” дегендi айт­са, ендi бiрi “үйдi аластат” деген ақыл‑кеңесiн бердi. Не де болса, бәле‑жаладан аулақ деп, үйдi тазартып, аластап, құран оқыттым. Десек те кешке ұйқыға жатарда сол оқиға қайталана ма деп қорқатын болдым.
Одан кейiнгi күндерде де мазам кеттi. Түнеукүнгi оқиғаның түбiне жетiп, себебiн түсiнгiм келдi. Адам не себептi бастырылып қалады? Ол жай ғана шаршағандық немесе дұрыс жатпаудың салдары ма, әлде тылсым күштiң қатысы бар ма?
Мұндай оқиғаны жылына бiрнеше мәрте өткеретiндер бар көрiнедi. Мұны медицина ұйқы кезiндегi сал деп түсiндiредi. Яғни, ұйқыға кетпей тұрып немесе оянған соң бұлшық еттердiң жиырылып қалуы. Физио­логиялық тұрғыдан алғанда, бұл кәдiмгi паралич ауруына жақын. Әдетте мұндай оқыс жағдай мидың белсендiлiгi артып, бұлшық еттер әлсiреген ұйқы кезеңiнде болады. Осы кезде адам денесiнiң қозғала алмай қалуы қалыпты жағдай. Себебi адам миы кенеттен оянып кеткенiмен, дене параличi бiрнеше минут бойы жалғасады. Яғни, адам миы ояу болғанымен, денесi әлi ұйқы кезеңiнде. Дененiң қозғала алмай қалуы бiрнеше секундтан бiрнеше минутқа дейiн жалғасады. Алайда оны бастан өткерген адам үшiн ол бiрнеше минут емес, одан әлдеқайда көп уақыт болып көрiнедi.
Дене параличi әдетте шалқалай жат­қанда басатынын оқыдым. Медицина мұндай кезде адамға тылсым нәрсенiң – үй иесi, белгiсiз адамдардың елестеуi заңдылық деп түсiндiредi. Кеуденi бiреу басып жатуы, тыныс алудың қиындауы, көздi аша алмау, дыбыс шығара алмау, осының бәрi ұйқы кезiндегi параличке тән нәрсе.
Алайда медицина мұны дұрыс жатпау, ұйқының бұзылуы салдарынан болатын сал­ға жақын күй десе де, халық оны әлi күнге дейiн тылсым күштермен байланыстырады.
Көнекөз танысым бұл ешқандай да ауру емес, тек үй иесiнiң немесе жынның тiрлiгi болуы мүмкiн екенiн айтты. Оның айтуынша, үй иесiне әлдебiр нәрсе ұнамаса немесе қонысты ауыстырған кезде бұрын­ғы үй қожайынының иесi қалып қойса, әлгiндей келеңсiз оқиғалар болып тұрады. Қайсыбiреулер үй иесi жақсылық не жамандықты сездiргiсi келгенде, қожайынының кеудесiне мiнiп алады деп сенедi.
Әр халық ұйқы кезiндегi беймәлiм құбылысты әрқалай түсiндiредi. Чуваш халқының аңыз‑әңгiмелерiнде вубар деген жын бар. Сол вубар әйел немесе еркек, тiптi үй жануарының кейпiне енiп, ұйқыдағы адам денесiне мiнiп алып, тұншықтырады екен. Аңызға сенсек, вубарға тап болған адам ауырады да, ал вубардың өзi одан күш жинайды. Чуваштар дуагерлер сиқырдың арқасында вубарға айналып, адамдарды дуа­лайды деп сенген. Сондықтан одан сақтанудың жолдарын iздестiрген. Түн iшiнде вубар келген жағдайда, ол туралы үй жануарына айтып берсе, ол қайта келмейдi деп есептеген. Вубар елестеген адам үйдiң кiреберiсiне күл шашатын дәстүр де болған.
Өз басым сол түнгi келеңсiз оқиғаны шаршау немесе дұрыс жатпаумен байланыстырмадым. Себебi осы күнге дейiн мұндай нәрсенi бастан өткерген емеспiн.
Жер бетiндегi адамдардың кемiнде 20-40 пайызы ұйқы кезiндегi сал күйiн бiрнеше мәрте бастан өткередi. Әр сенiм, әр адам мұның себебiн әрқилы түсiндiредi. Дегенмен мұндай күйден шығудың жолдары бiр: алдымен Аллаға сиынып, үйдi тазарту. Сонан кейiн түн iшiнде осындай жағдай қайталанса, бас бармақты, көздi не тiлдi қимылдату. Кейбiреулер мұрын арқылы дыбыс шығару көмектеседi десе, ендi бiрi керiсiнше, қозғалмай дененi бос ұстау сол күйден шығарады деп есеп­тейдi.

Комментариев нет:

Отправить комментарий