суббота, 21 декабря 2013 г.

АНТАРКТИДА ЖАЙЛЫ ҚЫЗЫҚТАР

АНТАРКТИДА ЖАЙЛЫ ҚЫЗЫҚТАР

Антарктида – Жер бетiндегi ең аз зерттелген құрлық. Қайсыбiр ғалымдар оны Марс ғаламшарымен салыстырады. Себебi Антарк­тида да, Марста да ауа температурасы шамамен бiрдей. Кей аймақтарында минус тоқсанға дейiн төмендейдi. Марсқа адам аяғы аттап баспаған, ал Антарктидаға ара‑тұра барып тұратын зерттеушiлер бар. Дегенмен екеуiнiң де ашылмаған құпиясы шаш етектен.
Антарктиданың аумағы 14 миллион шаршы шақырымға жуық. Құрлықтың бүкiл аймағын дерлiк мұз басқан. Кей жерлерде мұздың қалыңдығы бес шақырымға жетедi. Мұздың бергi бетi зерттелгенiмен, бiрнеше шақырымға жететiн қалың мұз қабатының астында не жатқаны белгiсiз.
Қытай, Жапония және Ұлы­британияның бiр топ ғалымы мұздың бетiнде жүре алатын арнайы мәшине мiнiп, 2004-08 жылдар аралығында осы құрлықты зерттедi. Олар тiптi ең қатаң аймақ – Гамбурцев тауларына дейiн аралап, мұз қабатына радар сәулесiн түсiрiп көрген. Сөйтiп, 900 шаршы шақырымға жететiн бедердiң картасын жасап шығарды. Сөйтсе, осыдан 34 миллион жыл бұрын құрлықта мүлде мұз болмаған екен. Оның орнына құрлық бетiн жасыл жазықтар мен таулар басып жатқан дейдi. Бiрақ әлдебiр себеппен бiр кездерi Антарктиданы мұз басты. Зерттеушiлер әуелi құрлықтағы ең жоғары шыңды (биiктiгi 2400 метр) кiшiгiрiм мұз басты, кейiн осы мұз бiртiндеп бүкiл аймаққа жайылды деп болжайды. Осы мұз құрлықтағы бiрнеше көлдi де басқан.
Бұл экспедицияға қатысқан Эдинбург университетiнiң профессоры Мартин Зайгерт Ан­тарк­тидадағы қалың мұз қабатының астында өсiмдiктер бар деп есептейдi. Тiптi ағаштар да бар болуы ықтимал. Бiрақ оны анықтау үшiн бұрғылау жұмыстарын жүргiзу керек.

Комментариев нет:

Отправить комментарий