суббота, 21 декабря 2013 г.

Динозаврлар неден өлген, қырылған, жойылған?

Бұдан 65 миллион жыл бұрын динозаврлардың тұқым-тұяғымен жер бетiнен жойылып кетуiне алып астероидтың Жермен соқтығысуы себеп болған деп ғалымдар нақты қорытындыға келдi. Қорытынды жасаған – Еуропа, Канада, Мексика, АҚШ және Жапония елдерiнiң ғалымдары. Осы ғылыми топтың құрамында 41 ғалым – палеонтолог, геохимик, геофизик, климатты үлгiлеу жөнiндегi мамандар бар. Олар бұған жиырма жыл бойы жинақталған мәлiметтердi саралап, зерттеп барып көз жеткiзген. Зерттеу нәтижесi Science журналында жарияланды.

Диаметрi 15 шақырым болатын құлаған астероидтың орны Мексика жерiнен табылды. Бұл астероидтiң құлаған уақыты Жер бетiнде 160 миллион жыл бойы салтанат құрған динозаврлар дәуiрiнiң күйреуiмен тұспа-тұс келген.
Жер астының көне қабаттарын зерттеу жұмыстары бұдан 65,5     мил­­­л­ион жыл бұрынғы бор дәуiрiнде жан-жануарлар мен өсiмдiктердiң бiр мезетте қырғынға ұшырағанын көрсетiп бердi. Бұл – жаппай қырылуға жанартау емес, астероид себепшi болған дегендi дәлелдейдi. Жанартаулар динозаврлар жойылып кетпей тұрып-ақ жарты миллион жыл бойы атқылап тұрған-ды. Бiрақ олар әлемнiң флорасы мен фаунасына пәлендей әсер ете алмаған.
“Динозаврларды жойған астероид деп қазiр кесiп айта аламыз. Бұл оқиғадан соң (астеройдтың құлауы) Жер бетiнде жойқын өрт болды, жер сiлкiндi, оның күшi Рихтер шкаласы бойынша магнитудасы 10-нан асты, құрлықтар опырылып түсiп, алып цунами соқты”, – дейдi Лондон империялық колледжiнiң қызметкерi Джоанна Морган.
Астероидтың Жерге соғылғандағы күшi Хиросимаға тасталған атом бомбасының күшiнен миллиард есе арттық болған. Атмосфера процесiн үлгiлеу барысында құлаған астероидтың кесiрiнен бiр мезетте аспанға орасан көп күкiрт, шаң-тозаң бөлiнгенi анықталды. Содан соң Жер бетiнде ұзақ уақыт бойы қақаған суық қыс болған. Сол кезде ғаламшарымыздағы тiршiлiктiң жартысына жуығы қырылып, бiржолата жойылды.
Бұл ғаламат апат Жерде сүтқоректiлердiң үстемдiгiн орнатты. Сүтқоректiлерге адамдар да жатады. Осы уақытқа дейiн динозаврлардың қырылып қалуына қатысты сан түрлi болжамдар айтылып келген болатын-ды.

Комментариев нет:

Отправить комментарий