суббота, 21 декабря 2013 г.

АБАЙ МҰРАСЫ ЖАЙЫНДА бірер сөз


Абайды тану - жалпы қазақ әдебиетін тану тәрізді әлі жас ғылым. Оның жетіскен шама-шарқымен қатар, әлі олқылығы, кемшілігі де көп. Бірақ бұл үрдіс өсіп келе жатқан және қазақ әдебиетінің өзге тарауларын тануымыздан көрі өнімдірек өскелеңдеп келе жатқан ғылым тарауы екенін де жұртшылық біледі. Бізде Абайды тану жұмысына тек әдебиетші ғана атсалысып отырған жоқ, тарихшылар, тілшілер, көркемөнер зерттеушілері, педагогтар, тағы да осыларға жалғас әр саланың мамандары тарапынан үлестер қосып келеді.

Басы әдебиеттік зерттеулерден бастап, жаңағы айтылған әр салада Абайды зерттеушілердің бәрін алсақ, барлық тобымыз да, алғашқы кезеңдермен салыстырғанда, өсе түскен, жұртшылық тани түскен табыстарымыз жоқ емес. Сонымен қатар алғашқы зерттеу кезеңдерінде сол аталған топтың ішінде әрқайсымыз да әр дәрежеде және әр алуан қателіктер болғаны да рас. Бірақ қателесе жүріп - іздендік, іздене жүріп - өстік. Абайды тану ғылымы да соған орай әуелгі шалағай, қателігі мол сатыдан басталып, бері басқан сайын біртіндеп өсе түсті. Сөйтіп, зерттеушілік ойлар өсумен қатар, Абайды тану ғылымы да аздап кеңейіп келеді дейміз.
Бірақ шын мол сапалы еңбек нәтижелерін беру жолында әлде де алдарымызда тұрған қарыз - міндеттер көп. Сондықтан жоғарыда Абайды танудың олқылығы көп дегенді әдейі алға салып айтып отырмыз.
Сондай ретте ойлауды керек ететін жайдың бірі - Абайдың мұрасы турасында. Бұл жөнде зерттеу, сынау, ойлау керек болатын жайлар; аз емес. Қай шығарма Абайдың қай кезеңіне тиісті, қайсысы Абайға қонымды емес, оған сыйымсыз деген жайлардан да күдік айтуға болады.
Бұл жөнде жолдас Сталиннің: "Ешбір ғылымның пікірлер тартысынсыз, еркін сынсыз өсе алмайтыны, дами алмайтыны көпке мәлім" деген тіл жөніндегі данышпан басшылық ойларын қапысыз қағида етеміз.
Пікір таластыруға, күдіктенуге, сөйтіп жүріп анық объективтік негізде келісуге де болады, көніспеуге де болады. Сонда, әсіресе таласқа салған шығарманың өзі беретін нақтылы, дәл дерегіне қарайық. Сөзіміз документке, шын ғылымдық зерттеуге негізделсін. Тіпті болмаса, документ болмаған, амалсыздық жағдайда, тым құрыса көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін. Құрғақ күдік ғылымды өсірмейді. Ол дәнсіз гүлдей өмірі жоқ, өзінен әрі қарай өрбітер нәсілі жоқ, тұл сөз болады.
Абай өмірінің жиырма жеті жылының бойына сегіз - ақ өлең табылған, оның барлық жиыны сексен алты - ақ жол дейді. Бірақ Абай томының алғашқы беттерін ғана аударып, жас кездің жылы аталған сегіз - ақ өлеңін алып, сөйлеу жеткіліксіз. Оқушының қайсысына болсын ешбір күмәнсіз, Абайдың 37 жасқа шейін емес, 20-25 жасар арасында жазғанына ешбір күдік қалдырмайтын тағы бірнеше тамаша өлеңдері, сол ж. Нұрышов басын қарап, аяғын аңдамаған томның "Жылы белгісіз" деген өлеңдер тобында тұр. Олар: "Сап-сап, көңілім" - 59 жол, "Жарқ етпес қара көңілім" - 8 жол және "Тайға міндік" - 45 жол, жиыны жас кездің (яғни 37 жастан бұрын жазылған) 112 жол қосымша өлеңі және бар.
Бұл өлеңдер жас Абайда ақындық үлкен өнер барын танытады. Олардың болашақ реалист Абайдың және өзіне де, ортасында үлкен сыншы, ойшыл болатын Абайдың белгісін айқын көрсетіп тұрған өлеңдер екеніне кім таласар екен?
Енді ж. Нұрышевтің мақаласындағы пікірлерін барлық өзінше түйінді, нақтылы деген жақтарынан шолып алып, солардағы дәлелсіз, орынсыз теріс долбарға кезегімен жауап айтайық.
Өзге емес, ең әуелі, Абайды шын сүйетін, оның жайындағы дәл деректерге, дәлелдерге шын ықылас бөлетін қадірлі жұртшылығым үшін төмендегі біраз фактілерді айтып өтейік. 1909 жылғы баспада барлығы 5399 жол өлең бар еді. Оның 1090 жолы аударма болатын. Жіктегенде: 362 жолы Пушкиннен, 398 жолы Лермонтовтан (Гете, Байроннан аударған бірер өлеңін Лермонтов арқылы аударылғандықтан осы санға қосып отырмыз), Крыловтан 180 жол және Бониннен 16 жол.
Осы аудармаларды есептемегенде, Абайдың өз жанынан жазған өлеңдерінен 1909 жылғы баспада шыққаны -4309 жол болады. Ал Мүрсейітте бар дегенге келсек, оның қолжазбасы біреу емес, әлденешеу болған. Соның ішіндегі қолға түскен ең молығарына, көлемдісіне қарағанда, баспаға кірмей қалған 17 өлең бар еді. Оның жиыны - 626 жол болатын, 45 қара сөз бар еді. Бір тарихтық мақала бар-ды. Осыларға қоса 1933 жыл, 1939 жыл, 1945 жыл баспаларында және45 өлең қосылды. Олардың ішінде жалғыз ауыз қысқа экспромат, қалжың-әзіл, ұсақ мысқыл өлеңдермен қатар, Пушкин, Лермонтовтан қалып қойған аудармалар да бар. Оның үстіне, даусыз, дәркүмәнсіз анық Абайдікі дерлік сан әсем өлеңдер бар. Бұлардың жол саны - жиыны 1086 жол. Сол өлеңнің бірі - "Әзім" поэмасы. Лермонтовтан аударған "Вадим" поэмасының өзі де Мүрсейіттің кей жазбасында бар, кейінде жоқ болатын.
Сүйтіп, 1933, 1939, 1945 жылдар баспасын жинау - тізу арқылы Мүрсейітте басылмағанды қосқанда, қара сөздерден басқа, 1708 жол өлең қосыппыз. Сонымен, Абайдың толық жинағын, өзінен қалған архив болмаған күйде, өз қолымен отырып көшірткен нұсқа да болмаған күйде біртіндеп, жылдар бойы жиып жүріп, анық толық жинақ дәрежесіне жеткізуге тырысқан еңбектер болыпты. Нәтижеде бүгінгі Абай жинағы 5399 жол емес, 7133 жол болыпты. Қара сөздер өзіне басқа.
Бұл еңбектің барлығын күдікшіл ж. Нұрышов есептемейді, елемейді. Оның сенімсіз ойына илансақ, Абайдың жас шағындағы өлеңі ғана емес, Мүрсейітте болмағандықтан, 1909 жыл баспасында болмағандықтан және "кәрия аузынан алғандықтан", барлық жаңағы 1086 жолға түгел күдіктену керек. "Кәрия" дегенді де жоғарыдағы "шығыс" дегендей екінші құбыжық, құқай етіп танытқысы келеді.
Рас, кәрияның кәриясы бар екені даусыз. Кертартпа сананың, үстем таптың халыққа қас, қарсы үгітін сақтаған кәрия бар. Сонымен бірге, жазуы болмаған елдің, әсіресе арғы-бергі тарихынан қалған қазыналарын ауызша сақтаған, жадына тұтып, жолдас Калинин айтқандай, "халықтың алтынындай" қойнына тығып, ауыр өткел замандардың бәрінен алып өтіп, мәдениетті заманға, біздің заманға жеткізіп отырған талай асыл сақтаушылар және бар. "Кәрияның есімде қалып еді дегеніне сене бермеу керек" деген ойды біздей, XIX ғасыр ортасына шейін жазушы, ақыны шықпаған және одан кейін де жазып айтқан ақындардың қолжазбасы, архиві, документі қалмаған елдердің өткен қазынасын өлшеуге "ғылымдық нұсқа" деп алсақ, онда Абай ғана емес, барлық XVIII-XIX ғасыр әдебиетімізден не қалар еді? Онда Бұхардың мұрасы, Махамбеттің мұрасы, тағы сол қатарлы бар ақындарымыздың мұралары шалағай ойдың жауапсыз жеңілдігі, келеңсіз күдігі астында бордай тозбас па еді?
Абай жөнінде істеген азды-көпті еңбек болса, оны сынағанда көмек бере сынағанды түгел құптаймыз. Абайды тануға сан саланың білімпаздары атсалысып, біздің зерттеушілік ойымызды түзу бағыттауға көп жағынан жәрдемші боп келді. Соның нәтижесінде, белгілі кемшіліктері болса да, бірнеше әдебиетшінің қомақты еңбек тудырғандары бар. Қолжазба күйде жүрсе де, мысалы, Сәбит Мұқанов Абай туралы үлкен монография жазды. Қ.Жұмалиев жолдас өз тәжірибелерін қорыта келіп, докторлық диссертация жазды. Абайды тану ғылымының осы нәтижесі менің де творчестволық, ғылымдық өсуіме аз көмек берген жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      «Eл.kz» ақпараттық порталы.

Комментариев нет:

Отправить комментарий